Экспозицияға Шығыс Қазақстан облысының Берел, Шілікті және Елеке сазы қорғандарындағы археологиялық қазындылар барысында табылған жаңа дәуірдің бірінші мыңжылдығымен белгіленген 25 мыңнан астам артефактілер кірді. Көрмеде ат және оның саймандарының реконструкциясы, бірегей техникада орындалған көптеген әшекейлер, қылыштар мен қанжарлар, көне адамдардың мүсіндері мен еңбек құралдары ұсынылды. Алтын адамның қайтадан жаңартылған экспозициясы көрменің орталық элементіне айналды.

Көрмені ашқан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов ұсынылған экспозиция Қазақстан аумағындағы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан бай тарихи-мәдени өмір салтын бейнелейтінін атап өтті. «Ол әлемдік архелогиялық және мәдени құндылыққа ие. Көрме Шығыс Қазақстандағы Алтай бөктерінде орналасқан «Берел, Шілікті және Елеке сазы қорғандарының» артефактілеріне арналады», - деді дипмиссия басшысы. Ол Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы түркі әлемі бастауын алған және Ұлы Дала өміріндегі жаңа кезең басталған Алтайдың қазақ тарихы мен Еуразия халықтары үшін үлкен маңыздылығы туралы сөздерін еске салды.

Ресей заманауи тарихы мемлекеттік орталық музейінің директоры Ирина Великанова ресейлік академиялық археологияның 100 жылдық мерейтойы жылында музей Ұлы Дала көшпенділері материалдық мәдениетінің бірегей ескерткіштерін ресейлік жұртшылыққа ұсынатын соншалықты ауқымды көрме үшін алаң болғанына назар аударды. «Осы жауһарлардың табылуы, - бүгінгі Қазақстан археологиясының даму деңгейінің көрсеткіші, - деп атап өтті ол. – Біз көрменің замануи деңгейде өтуіне тырыстық, сондықтан онда мультимедиалық білім киоскілері жабдықталған». Музей директорының сөзінше, Шығыс Қазақстан жері ғалымдардың бірнеше буынына жететін сырларға толы.

РФ Мәдениет министрлігі Музейлер департаментінің директоры Владислав Кононов ведомство басшысы Владимир Мединскийдің құттықтау сөзін оқыды. Ол көрменің тек кәсіби тарихшылар мен зерттеушілер арасында ғана емес, жас келушілер үшін еуразиялық құрлықта 2,5 мың жыл бұрын өткен үрдістер туралы көрнекі энциклопедия болатынына сенім білдірді.

Бірегей және эксклюзивті экспонаттар – жетекші қазақстандық археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың ықтиятты еңбегінің нәтижесі.

Ұсынылған экспозиция марқасқа ғалымдардың ең жоғары бағасын алды.

М.В.Ломоносов атындағы ММУ тарихи факультетінің президенті, Ресей ғылым академиясының академигі Сергей Карпов көрмеге жоғары баға беріп, қазақстандық әріптестеріне оны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. «Көрме бүкіл Шығыс Қазақстан аймағының өте терең, әрі елеулі мәдени даму дәстүрлері туралы түсінік береді – деді ғалым. Бұл түрлі мәдени дәстүрлердің өзара әсерлесуі өткен өркениеттердің торабы. Мәдениеттің ең жоғары деңгейін көрсететін шынайы құндылықтар, ертедегі артефактілер табылды. Олармен танысу және оларды білу қажет».

Генрих Харке – тарих ғылымдарының докторы, Тюбинген университетінің (Германия) құрметті профессоры және Рединг университетінің (Ұлыбритания) жетекші ғылыми қызметкері қазақ ғалымдары тапқан сирек тарихи олжаға ерекше таңданды. Оның сөзінше, көрмеде ұсынылған артефактілер көне заманның сырларын ашу жолында ғылым үшін жаңа қадам жасауға мүмкіндік береді.

Мәдени оқиға кәсіби зерттеушілердің ғана емес, сондай-ақ қалың ресейлік бұқара арасында да резонанс туғызды.

«Бүгінгі көрме – маған қазақ қызы және Мәскеуде тұратын жерлестерім үшін айтулы оқиға. Елдеріміздің достығы артып жатқанына өте қуаныштымын. Ресейде жүрсек те қазақ халқының тарихымен танысып, ресейлік достарымызға ол туралы әңгімелеуге бірегей мүмкіндігіміз бар», - деп өз әсерімен бөлісті мәскеулік қазақ диаспорасының өкілі, Мәскеу Ұлттар үйінің маманы Гүлнар Ысқақова.

Көрменің ашылу салтанаты шеңберінде «Кербез» фольклорлық ансамблі мен Әміре Қашаубаев атындағы Шығыс Қазақстан филармониясының орындауында қазақ халық шығармалары шырқалды.

Көрме 24 наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта мәскеуліктер және астана қонақтары Шығыс Қазақстан әсіресе бай сакралды орындардың көне ғасырлық тарихын ашып, тылсым құпиясын сезініп, еуразиялық кеңістіктің тарихи өткен-кеткенімен таныса алады.

Іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі (Өскемен қ.) Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігімен бірлесе ұйымдастырылды.